Елордада жаңадан салынған «Самғау» тұрғын үй кешенінің қабырғалары тұрғындардың көз алдында үгітіліп барады. Үйдің астындағы паркингі де алқам-салқам күйде. Әсіресе мұнда қабырғалары түгел сыз тартқан. Ылғалдан үгітіліп жатқан кірпіші өте көп. Тұрғындар осындай базынасымен «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалына шағымданған, деп хабарлайды Aqnews.kz ақпараттық Halyq Uni агенттігіне сілтеме жасап.
Үйдің ішкі кіреберістері де көзге қораш көрінеді. Төбеден аққан су қабырғаларды бүлдіріп жатыр. Лифтілер орнатылып бітпеген. Жұрт жоғарғы қабаттарға жаяу мініп-түседі. Пәтерлердің есік алдында электр сымдарының беті жабылмаған.
7 қабаттағы көршіміздің 6 баласы бар. Балалары велосипедті осында қоюға мәжбүр. Арғы жағында біз айтып жатқан тоқтың ашық тұрған жерлеріне рульдері тиетін болса, бала велосипедті алам деген кезде тоққа түсу кепілдігі жүзден қанша пайыз екені бір Аллаға мәлім, – дейді Абзал есімді тұрғын.
Ал шатырдағы көрініс тіпті қиын. Кірпіші үгітілмеген сау жер жоқ. Үйдің желдеткіш жүйесі төбесінен жабылмағандықтан, сырттағы жел керісінше пәтерлерге ұрады.
Үйдің ортадағы ауласы да жартылай ғана жасалған. Көп бөлігі қоршалып, құрылыс алаңы сол қалпында жатыр.
Негізі, үй құрылысы келісімшарт бойынша 2022 жылғы тамызға қарай бітуі керек болған. Алайда жұрт былтыр тамыздан бері ғана қоныстана бастаған.
«Құрылыс компаниясына өтіндік. Бізге айтқаны, дағдарысқа түскен, доллардың девальвациясына ұшыраған. Оның бәріне түсіністік таныттық. Соны түсініп, екі жылдан бері келе жатырмыз. Бірақ мәселе шешілмеді. Егер мына кемшіліктің бәрі қазір жасалмаса, кірпіштің үгітіліп, ертең үйдің құламауына кім кепіл?!», – дейді «Самғау» ТК тұрғыны Дәурен Болатбекұлы.
Құрылыс компаниясының басшысы тұрғындардан шілденің аяғына дейін мұрсат алды. Кем-кетік оған дейін бітпесе жұрт сотқа жүгінбек.