2021 жылдың 4 желтоқсанында «Жастар Үні» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қаржылық сауаттылық отбасында басталады» онлайн жобасының қорытынды пресс-конференциясы өтеді.
Баспасөз конференциясының мақсаты – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асқан «Қаржылық сауаттылық отбасында басталады» онлайн жобасы аясында өткізілген курстар мен атқарылған жұмыстар нәтижесін көпшілікке таныстыру.
Әлеуметтік жобалар – қоғам үшін маңызды әрі өзекті мәселелерді шешуге арналған, орасан зор еңбекті қажет ететін қызмет. Ал белгіленген міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізу үшін белгілі, яғни мақсатты аудиторияның болуы лазым. Сондықтан да «Жастар Үні» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі осы әлеуметтік жобаның аясында халықты қаржылай сауаттылыққа үйрету мақсатында бизнес-тренерлерді тарта отырып, жас және көп балалы отбасылар үшін кәсіпкерлік дағдыларын дамыту, отбасылық бюджетті дұрыс бөлу туралы курстарды ұйымдастырды.
Расында да, заман ағымына қарай қаржы әлемі де күннен күнге өзгеріп отырады. Осы әлемде дұрыс бағдарлану, өз қаражатыңызды тиімді басқару үшін қаржылық сауаттылық деңгейіңізді үнемі көтеріп отыру, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен құқықтық саладағы білімді толықтырып отыру - уақыт талабы. Бұл орайда «Қаржылық сауаттылық отбасында басталады» онлайн жобасы белгілі бір деңгейде өз нәтижесіне жетті. Бүгінде «Қаржылық сауаттылық отбасында басталады» онлайн жобасында оқумен қамту – 2000-нан аса адамды, ақпараттық қамту - 500 мыңға жуық адамды құрады.
Пресс-конференцияға бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар мен азаматтық белсенділер қатысады.
Өтетін уақыты: 4 желтоқсан 2021 ж, сағ.13.00
Өтетін жері: Абай 52Б, 524 кабинет
Қосымша ақпарат үшін: +7 747 052 99 04
«Жастар Үні» РҚБ