Қарағанды облысының тау-кен құтқарушылары қайғылы оқиға болған күні тағы бір апаттың алдын алған. Бұл туралы олар әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалда айтады, деп хабарлайды Aqnews.kz
«Біз ол жерге сағат 4-те бардық (апат сағат 2:33-те болды - ред.). Бізді жарылыстан кейінгі жағдайды барлауға жіберді. Не болды, жағдай қандай, тағы басқасын анықтауға. Қарап жүрген кезімізде өрт ошағына тап болдық. Өрт сөндіргіш тауып алып, сөндіруге кірістік. Апаттық учаскедегі бірінші қиындық улы газ таралуы және судың жоқтығы болды. Жарты сағат су іздеумен жүгірдік. Бұл – бірінші рет болып тұрған жайт емес, яғни мәселе қазір бақылаудың осалдығында», - дейді Вадим есімді құтқарушы.
Айтуынша, олар бір-екі сағат кешіккенде Костенко шахтасында тағы бір жарылыс болуы мүмкін еді.
«Егер онда шоғырланған тозаң жарылғанда оның ауқымы өте үлкен болар еді», - дейді ол.
Құтқарушылар қауіпті жағдай туралы ескертулерден кейін шахтадағы өндіріс тоқтатылуы керектігін айтады. Бұрын солай болған, ал қазір учаскелерден байқап, тізіп берген ескертулердің жартысы жоқ болып кететініне қынжылады.
«Біздің бастапқы міндетіміз – жарылыстың алдын алу. Жағдайды қараймыз, бәрін жазып береміз. Бірақ, ескертулердің жартысы жоқ болып кетеді. Неге? Себебі, «Арселор» келісімшартты бұзады деген қорқыныш бар. Біз – тау-кен құтқарушыларымыз, бірақ қазір өзіміздің не істеп, не қойып жүргенімізді, кімге бағынатынымызды білмей қалдық. Жұмысымды қатты жақсы көремін, алайда осы жұмысым үшін ұялатын күйге түстім», - деп күйінеді Александр Григорьев.
Олар «бар мәселе құтқару қызметінің жекешеленіп кетуінде» деп есептейді. Сондықтан да шындықты ашып айтуға бел буған.