Қандастар 4,2 млн теңгелік баспана сертификатын қалай рәсімдей алады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастар мен бір өңірден еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударғандарды қабылдаудың ережесіне өзгеріс енгізді.

Бұйрықта жергілікті жұмыспен қамту мекемелері әр жылдың 15 желтоқсанына дейін қандастар мен ішкі мигранттарды ерікті түрде қоныстандыруға жататын елді мекендердің тізбесін ұсынып отыру керектігі айтылған.

«Серпін» және «Жарқын Болашақ» түлектері мен қандастар Қазақстанның ішінде еңбек күші тапшы өңірлерге бұған дейін тұрған өңіріне қарамастан көше алатыны, көшіп барған ауданында мемлекеттік қолдау алатыны да айтылған.

Ол мемлекеттік қолдауды алуға бұйрық күшіне енгенге дейінгі 6 айдың көлемінде еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударған адамдар өтініш бере алады. Еңбек мобильділігі орталықтары сол өтініш негізінде жұмыс берушінің шотына әлеуметтік келісімшарт жасалғаннан кейінгі 3 күннің ішінде ақшалай төлем аударады.

Экономикалық ұтқырлық сертификаты баспана сатып алуға және салуға, ипотека рәсімдеген жағдайда алғашқы жарна ретінде материалдық көмек беруді көздейді. Бұл сертификат тұтас отбасыға немесе ажырасқанына кемінде 3 жыл болған азаматтарға беріледі. Оның көлемі сатып алынатын баспана бағасының 50%-ынан аспауы керек. Бірақ бұл сома 1 160 айлық есептік көрсеткіштен (4 282 720 теңге – ред) көп болмауы керек.

Бұл сертификатты қоныс аударушы жақын туыстарынан баспана сатып алуға пайдалана алмайды. Ал жақын туыстарға ата-ана, бала, асырап алушы, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер жататыны айтылған.

Осындай сертификат арқылы сатып алынған үйді қоныс аударушы 5 жыл көлемінде сатып кете алмайды.

5 жылдың ішінде қоныс аударушы басқа өңірге көшіп кетсе, сертификат аясында алған материалдық көмекті мемлекетке қайтарады. Еңбек мобильділігі орталықтары жіберген ескертуге қоныс аударушы 15 күннің ішінде жауап қатпаса, іс сотқа жолданады.

Бұл бұйрық 14 маусымда күшіне енеді.

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated