Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылсын», – делінген жарлықта.
Мәжіліс Премьер-министрдің орынбасары лауазымына Қанат Бозымбаевтың кандидатурасына келісім берді.
«Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына Қанат Бозымбаевтың кандидатурасы келісілді. Мәселе «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 22-1-бабына сәйкес қаралды», – делінген хабарламада.
Премьер-министрдің жаңа орынбасары өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайлар және су ресурстары мәселелеріне жетекшілік етеді.
Қанат Бозымбаев 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы «Эдем ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде экономист болып бастаған. 1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі болды.
03.2000-12.2000 аралығында Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі болды.
2001-2007 жылдар аралығында «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының президенті қызметін атқарды.
2007-2008 жылдар аралығында «Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болып істеді.
2009-2013 жылдар аралығында Жамбыл облысының әкімі, 2013-2016 жылдары Павлодар облысының әкімі болды.
2016-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі, 2019 – 2021 жылдар аралығында Президент көмекшісі қызметін атқарды.
2021 – 2022 жылдары Алматы облысының әкімі болды. Ал 2023 жылғы 4 желтоқсанда Президенттің көмекшісі болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен (2005) және «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен (29.05.2019) марапатталған. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының еңбек сіңірген энергетигі.
Бұған дейін Тоқаев министрлер мен әкімдерге қатаң сөгіс жариялағанын жазған едік.
Президент бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.
Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің басшылығы және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды