«Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпықалалық науқанына қала тұрғындары, экобелсенділер, эстрада, спорт жұлдыздары, кәсіпкерлер, еріктілер және т.б. ұзын-ырғасы 409 203 адам атсалысты. Олар түрлі акцияларға, квесттерге, флешмобтарға қатысты, деп хабарлайды Aqnews.kz әкімдікке сілтеме бере отырып.
Бірнеше акция халық арасында үлкен қызығушылық тудырды. Соның бірі «Қоршауыңды/ орындығыңды/ беседкаңды боя» бойынша қала тұрғындарына 4 240 л бояу және 590 л еріткіш берілді. Іс-шара үй маңындағы аумақтың эстетикалық мазмұнын және жеке тұрғын үйлердің қоршауын жақсартуға бағытталған. Акцияға қатысқысы келетіндерге лак-бояу материалдары тегін берілді.
2 300 кг қайта өңдеуге арналған материалды тұрғындар сыйлық купонына айырбастау арқылы қайталама шикізатты (пластикалық бөтелке, макулатура, алюминий банка, мөлдір шыны) жинауды ынталандыруға бағытталған «Қоқысты тамаққа айырбаста» акциясы аясында жинады. Барлығы 11 қабылдау пункті жұмылдырылды, акцияға қатысушыларға 1 867 азық-түлік купоны берілді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында биыл 3 мамырда Арбатта техникалық режимде пластикалық бөтелке мен сусыннан алюминий банкаларды қабылдау бойынша алғашқы фандомат орнатылды. Жиналған қайталама өңделетін шикізатты пайдалы тауарлар өндіретін кәсіпорындарға қайта өңдеуге беріледі. Оның орнына тұрғындар ақшалай түрде бонустар ала алады немесе оларды қайырымдылық мақсатқа бере алады.
Науқан аясында «Таза қасбеттер» акциясы өтіп, ғимараттардың іргелес аумақтары тазаланды, терезелер мен витраждар жуылды, маңдайшалар мен билбордтар ретке келтірілді. Акцияға 1 600-ден астам коммерциялық ұйым – ірі сауда-ойын-сауық орталықтары, бизнес-орталықтар, қонақ үйлер, базарлар, супермаркеттер, дәріханалар, азық-түлік дүкендері және т.б. қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елді мекендердің аумағын абаттандыру және көгалдандыру туралы «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы қаласы әкімдігі 2024 жылғы 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанын өткізді. Науқанның негізгі мақсаты - қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау құндылығын қалыптастыру, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу. «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында өткізілген барлық іс-шара ұзақ мерзімді әрі жалғасын табады.