Қайрат Сағадиев: Мықты бапкердің жетіспеушілігінен көрсеткішіміз төмен

Күрес түрлерінен  Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатында қыздар бәсекесі өз мәресіне жетті. Осы орайда Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев Elorda info сайтына жарыс қорытындысы жайлы шағын сұхбат берді.

Сербиядағы кезекті әлем чемпионаты сіздер үшін қалай өтті? 

Бұл әлем чемпионатының ерекшелігі — Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынды. Сондықтан жарыс тартысқа толы болды деп, айта аламын. Біз жоспарымыз бойынша Жәмила Бақбергенова (72 келі) мен тәжірибелі Елена Шалыгинаға сенім арттық. Өкінішке қарай, Жәмила чемпион атана алмады. Ал Елена қола жүлдеге сәл жетпей, Франция спортшысына жол берді.

Осы чемпионатта Олимпиаданың 6 лицензиясы сарапқа салынды. Жоспар орындалмады деуге бола ма?

Мақсатымыз чемпион атану еді. Алайда Жәмила Бақбергенова бұған дейін 5 мәрте жеңген Моңғолия балуанына есе жіберіп, қола жүлдеге ие болды. Ал лицензияға қатты мән бермедік. Құрамада жас балуандар күресіп, өз деңгейлерінде күресіп шықты. Кейбір тәжірибелі спортшыларымыз жарақаты және отбасы мәселесіне байланысты қатыса алмады. Алда әлі Париж Олимпиадасының жолдамасы үлестірілетін екі жарыс болады. Сол жерде тағы бақ сынаймыз.

Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? 

Шамалы күннен соң, Азия ойындарына аттанамыз. 4 жылда бір рет өтетін ірі додада қыздарымыз 6 салмақта жүлдеге таласады. Барлығына үміт артамыз.

Кешегі Әлем чемпионатында 72 келіде күрескен Жәмила Бақбергеноваға жазғы Азия ойындарында 76 келіде күресу қиын болмай ма? 

Өздеріңіз білетіндей, бұл салмақтағы бірінші және екінші нөмірлі балуандарымыз жарақат алды. Сондықтан Жәмилаға сеніп отырмыз. Ол бұған дейін АҚШ, Италиядағы турнирлерде 76 келіде белдескен. Өз салмағынан алыс емес болғандықтан, ауыр болады деп, айта алмаймын. Олимпиадаға кіретін 68 немесе 76 келінің қайсысы қолайлы? Оны алдағы уақытта өзі шешеді.

Жалпы біздің құраманың жақсы өнер көрсетуіне не жетіспейді? 

Осы жолғы әлемдік додада  біраз қыздармыз өкінішке орай сенімді ақтай алмады. Мәселен, Марал Тәңгірбергенова (50 келі), Алтын Шағаева (53 келі), Марина Седнева (55 келі), Айнұр Әшімова (57 келі), Іңкәр Жаңатаева (76 келі), Ирина Казюлина (65 келі) алғашқы белдесулерінде жол берді. Диана Каюмова (59 келі) мен Ирина Кузнецова (62 келі) алғашқы  қарсыласын жеңгенімен, екінші айналымда жарыс жолынан шығып қалды. Меніңше бұл балуандар жас әрі тәжірибелері жетіспегендіктен солай болды.

Көшбасшы Жапонияда күрес бұрыннан жолға қойылған. Қырғыз Республикасы 3 қызбен жақсы өнер көрсетіп жатыр. Себебі, олар үш қызды жеке дайындап, көңіл бөледі. Бізде көбіне жалпы құрамаға назар аударылады. Әр балуанды жеке баптай алатын мықты бапкерлердің жетіспеушілігінен көрсеткішіміз төмен болып келе жатыр.

Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан, Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated