Абай шығармалары әзербайжан тілінде жарық көрді

ҚР Президенттік орталығы Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорымен бірлесіп, Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Abay Azarbaycanda va dünyada» атты әзербайжан тіліндегі жинақтың тұсаукесерін өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Іс-шараға Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, түркітілдес елдердің дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарының басшылары, ғалымдар, жазушылар, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Басылымда ұлы ойшылдың туындылары, оның өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалары ұсынылған. Сондай-ақ жинақта Абай ескерткіштері мен мүсіндері туралы ақпарат берілген.

Басылымның таралымы - 500 дана. Сонымен қатар жинақтың электронды нұсқасы да оқырман үшін қолжетімді.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өз сөзінде Абай Құнанбаевтың есімі қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мәдени мұрасына алтын әріптермен жазылғанын атап өтті.

Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиеваның айтуынша, Қордың кезекті баспа жобасы болып саналатын бұл жинақта Әзербайжандағы Абай шығармашылығына деген терең сүйіспеншілік пен құрмет көрініс тапты.

Өз кезегінде Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Меджид оглы Мұстафаев ұлы философ пен ағартушы болған Абай Құнанбаевтың шығармалары осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын атап кетті.

Іс-шара соңында ҚР Президенттік орталығы мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қоры арасында Меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттың басты мақсаты – түркі мәдениетінің даму тарихын зерделеу бойынша бірлескен мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруда тығыз ынтымақтастық орнату.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated