Су тасқынына байланысты өңірлердегі жағдай әлі де күрделі. Ақтөбе облысында Мағаджан су қоймасының жарылу қаупі бар. Бұл жайлы Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет хабарлады.
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан Мағаджан су қоймасының жарылу қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасының шлюздері ашылған. Осыған орай Ақтөбе қаласының әкімі түнде Елек өзенінің бойында орналасқан елді мекен тұрғындрына үндеу жариялады.
«Құрметті қала тұрғындары! Хромтау ауданының аумағындағы Мағаджан су қоймасының бұзылу қаупіне байланысты Ақтөбе су қоймасына көп көлемді судың құйылуы күтіледі. Сәйкесінше Ақтөбе су қоймасының толуына байланысты шлюзді ашуға мәжбүрміз. Сақтықта қорлық жоқ демекші, ол судың арнадан шығу қаупі болғандықтан, сіздерді алдын ала хабардар етіп отырмыз. Елек өзенінің бойында орналасқан және Қарғалы өзенінің Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарынан эвакуацияға келісім беріп, үйлеріңізден шығуды сұраймын»,- деді әкім.
Өз кезегінде облыстың Төтенше жағдайлар департаменті де қала тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
»Еріген қар суларының келіп түсуіне байланысты өзен деңгейі жоғарылап, су басу қаупі болуы мүмкін. Кез-келген жағдайда дүрбелеңге түспеңіз. Тыныштық пен қауіпсіздік шараларын сақтаңыз. Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың хабарламаларын қадағалаңыз»,– делінген хабарламада.
Сонымен бірге қалалық және облыстық әкімдік су тасқынынан зардап шеккен халыққа біржолғы төлем берілетінін хабарлады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың айтуынша, біржолғы төлемді алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша қалалық немесе аудандағы жұмыспен қамту бөлімдеріне хабарласуы қажет.
Ақтөбе қаласы тұрғындары мен Әйтеке би ауданының тұрғындары үшін төлем сомасы – 300 мың теңге. Ал басқа аудандардың тұрғындары үшін – 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде бекітілген.