«BAQYLA» Қоғамдық қозғалысы елімізде 2023 жылдың 19 наурызы күні өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында елішілік тұрақтылық пен сайлау процедураларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету үшін сайлау учаскелерін қамтитын өңірлік штабтарда бақылаушылық жасайды.
Аумақтық бақылаушылар желісі жұмысы Алматы қаласындағы Орталық штаб пен еліміздің 17 қаласында орналасқан өңірлік штабтар арқылы жүргізіледі.
Қоғамдық қозғалыс 2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауында 27 қалада дауыс беру барысын қадағалау жұмысын сәтті атқарды.
Ал биылғы ҚР Парламенті Мәжілісі мен маслихаттар сайлауында проблемалы қалалар мен маңызды бақылау учаскелеріне баса назар аударып, 25 қаланың 3 мыңнан астам сайлау учаскелерін таңдап отыр.
Сондай-ақ азаматтық сектор мен ҮЕҰ желілерінен бақылаушылар тарту көзделуде. Бақылау желілерінің басшылары мен өңірлік үйлестірушілеріне сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы курстар ұйымдастырылады. Оқыту ZOOM конференциясы және оффлайн кездесулер арқылы жүргізіледі.
Сайлау күні орталық штаб еліміздегі сайлау учаскелеріндегі жағдайды баяндап, сағат сайын брифингтер өткізеді, өңірлерден онлайн трансляциялар ұйымдастырады, әлеуметтік желілерде посттар мен бейнелерді жариялайды және тираждайды, жалған ақпараттарды анықтайды, ерекше жағдайларға түсініктеме береді, жалпы, дауыс беру барысы мен сайлау қорытындылары туралы қоғамдық пікір қалыптастырады.
Дос Көшім, саясаткер, оқытушы:
Сайлауды бақылау – сайлау учаскесіндегі бір күндік әрекетпен шектелмейді. Азматтар сайлауды бақылауға қатысу арқылы өздерінің азаматтық-саяси көзқарастарын қалыптастырады, Қазақ еліндегі сайлау жүйесін өзгертуге де үлестерін қосады. Билік, өкінішке орай, сайлау жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын нығайтудан көрі сайлауды бақылау процесін қыйындату бағытында бірнеше өзгертулер енгізіп отыр. Еліміздегі құқық қорғау органдарының сайлау барысындағы заңсыздықтарға тосқауыл қоюға құлықсыз екені де белгілі. Демек бақылаушылардың сайлау заңын меңгеруі мен өздерінің құқықтарын біліп қоюы жеткіліксіз, оларға «мінез» керек.
Сабит Рыспаев, саясаткер, блогер:
Меніңше мұсылман елдердің ішінде демократиясы дұрыстау бір ел болса ол Түркия. Салыстырмалы түрде әрине. Бірақ түріктер осыған сайлауды әділ өткізу арқылы келген сияқты. Сайлау оларда той секілді. Барлығы белсенді. Партияларынын дауыс ұрлауларына жол бермейді.
Бізде осыған келу керек секілдіміз. Көп нәрсе айтамыз, бірақ іске жоқпыз. Сайлау әділ болмаса бір мандатты депутаттармен ақ «Аманат» секілді ресурсы бар партиялар 80-90% адамдарын өткізіп жіберуі мүмкін. Сайлаудағы дауыс ұрлау да қорадан мал ұрлаған секілді ұрлық. Халық арасында сайлау маңызды емес санау маңызды дегендей жаңсақ пікір қалыптасқан. Сол нәрсені бұзуға сіз болып, біз болып бірлесіп жұмыс атқарайық.
Эдуард Полетаев, политолог:
Сайлаудағы қоғамдық бақылау, бірінші кезекте, сайлау процесінің ақпарттық ашықтығын, сондай-ақ байқаушылар институтының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Дауыс беру кезіндегі азаматтық бақылау әлемнің көптеген елдерінде кең тараған үрдіс. Бұл сайлау процесінің ашықтығын көрсететін дәлелденген құрал.
2022 жылғы президенттік сайлауда байқаушылық жасаған, тәжірибелі тәуелсіз бақылаушылардың "BAQYLA" қоғамдық қозғалысы ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарды кезектен тыс сайлауда өз жұмысын жалғастырмақ.
Бақылаушылар заңда белгіленген қоғамдық бақылаудың әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, 2-3 мыңнан астам сайлау учаскелеріндегі дауысты санаудың транспаренттілігінің жай-күйін қадағалайтын болады.
Соңғы жылдары Қазақстанда сайлаудағы бақылау процесіне қызығушылықтың артуы байқалады. «BAQYLA» қозғалысы тәжірибесі жоқ болса да, сайлау процесінің толыққанды қатысушысы болғысы келетін кез келген азаматтың сайлау заңнамасын егжей-тегжейлі біліп, бақылаушы функциясын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасайды.
Бақылаушыларды тарту үшін ақпараттық арналар мен әлеуметтік желілер пайдаланылатын болады. Бақылаушылар сайлау процесін бақылау теориясы мен практикасы бойынша арнайы ұйымдастырылған курстарда оқиды. Осы және өзге де шаралар қоғамдағы сайлау белсенділігін арттыруға, азаматтардың саяси білігін жандандыруға ықпал ететін болады