Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1991 жылдан бері қанша қазақ тарихи отанына оралғанын айтты, - деп хабарлайды Aqnews.kz.
2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, 5 926 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 134,3 мың этникалық қазақ оралған.
"Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (50,3 пайызы) Қытайдан, 33,4 пайыз – Өзбекстаннан, 6,4 пайыз – Түрікменстаннан 5,2 пайыз – Моңғолиядан, 3,4 пайыз – Ресейден және 1,3 пайыз басқа елдерден.
Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,9 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,6 пайыз және зейнеткерлер 9,5 пайыз болады", - делінген хабарламада.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17 пайызы жоғары білімді, 22,6 пайызы орта кәсіби білімді, 55,1 пайызы жалпы орта білімді, және 5,3 пайызының білімі жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Сонымен қатар, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталған: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адам болады. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1453 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.