150-ден аса қыз хиджабқа байланысты мектепке барудан бас тартты: министр пікір білдірді

Қазіргі таңда Қазақстанда хиджаб киіп, мектепке бармай жүрген оқушылар жоқ. Мәселе толық шешілген. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналист министрге "Атырау облысында 150 қыз мектепке бармайды деген нақты ақпарат бар. Себебі олар хиджаб киіп жүр. Осыған байланысты оларға мектепке кіруге рұқсат берілмеген. Басқа өңірлерге қатысты ақпарат бар ма?" деген сұрақ қойды.

Ғани Бейсембаев хиджаб киіп, мектепке бармай жүрген оқушылар саны көп екенін айтып қалды.

"Биыл қыркүйектің басында олардың саны 150-ден көп болды. Бірақ ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. "Сіздер мектептің балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына арналғанын білесіздер" (деген - еск.). Сондықтан ата-аналардың көпшілігі мұны түсініп, қабылдай бастады. Бүгінде мұндай мәселе жоқ. Менің қолымда басқа өңірлерде қанша оқушы орамал тағып, (мектепке бармай жүргені туралы - еск.) ақпарат жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша бізде мұндай оқушылар жоқ", - деді министр.

БАҚ өкілі "Демек, сіз Қазақстанда хиджаб киюіне байланысты мектепке бармай жүрген бірде бір оқушы жоқ дейсіз ғой" деп сауалын нақтылады.

Ведомство басшысы бүгінде мектепте хиджаб кию мәселесі толық шешілгенін мәлімдеді.

"Басында мұндай проблема болған. Қазір мәселе толық шешілді. Ата-аналар мектептің бірінші міндеті - сапалы білім мен тәрбие алу екенін түсіне бастады. Біз біріншісін екіншісімен шатастырмауымыз керек", - деді Ғани Бейсембаев.

Еске салайық, бұған дейінгі Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына "хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме" деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды.

"Біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Конституцияға сәйкес мектептерде өмір сүруі керек деп есептейміз", - деген еді шенеунік.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*

This section (Read Next) requires plugin WP Post Blocks installed and activated